Ұстазы жақсының - ұстамы жақсы
Дүниедегі мамандық атаулының төресі-ұстаздық. Мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жандар.Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Мұғалімнен өнеге-білім алып өмір теңізіне құлаш ұрған кез келген шәкірт ұстазымен мақтанады. «Мектептің жүрегі», «Бала жанының бағбаны»...Иә ,бұл мектеп мұғалімі-ұстазға арналған теңеулер. Мұндай мадақтауларды жалғастыра берсек,даналық сөздер тізбегі шексіздікке ұласады.
«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім- мектептің жүрегі.» деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай №45 бейімделген орта мектебінің жүрегі болып жүрген асыл ұстаздарымыз Канапина Асель Альмухановна мен Азатбек Орынбек жайлы айтпақпын. Ұстаздарымыз балаларымызды білім нәрімен сусындатып қана қоймай , өнерге баулып, ортаға тез бейімделуге үйретіп, ерекше тәртіпке, ең бастысы адами қасиеттерді бойларына сіңіріп келеді. Сынып жетекшіміз Асель Альмухановна балалардың және ата-аналардың ұйымшылдығын жақсы жолға қоя білді. Ол үнемі жүргізілетін демалыстардың, кездесулер мен мәдени шаралардың нәтижесі деп білемін. Сынып оқушылары мен ата-аналары үнемі қызу жұмыстар үстінде. Білім саласынан басқа өнер саласында да үлкен еңбек етіп келеді. Бұл осы екі ұстазымыздың арқасы деп білемін. Олар алыс сапарлар мен байқауларға шыққанда да балаларымызға өз баласындай қарайды.
Жас та болса осы үлкен өнерді өзі игеріп қана қоймай, көзіміздің ағы мен қарасы балаларымыздың жүрегінен орын тауып, домбыраға үйретіп жүрген Азатбек Орынбек. Ол әр шаңырақта домбыраның үнін шығарып, қазағымыздың ұлттық мұрасы домбырамызды насихаттап жүр. Балаларымыз білімде де, өнерде де сайыстардың алдын беріп көрген жоқ. Атап айтсам, 2018жылы 31-қазанда өткен «SAMGAU»Халықаралық балалар мен жасөспірімдер арасындағы фестивальден І-орынды иеленді. 2018 жылы Алматы қаласында өткен Ғұмырдария «Құстар қайтып барады» Н.Тілендиев Республикалық ән-би байқауының «Би» номинациясы және «Ансамбль» номинациясы бойынша лауреат атанған І-дәрежелі дипломмен марапатталды. 2019жылы Нұр-Сұлтан қаласында Майра Ильясованың ұйымдастыруымен өткен «Жұлдыз болғың келсе» атты Республикалық дарынды балалар мен жасөспірімдер байқауы «Би» және «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша І-орын дипломмен марапатталды. 2019жылы Өскемен қаласында өткен «TALENTS BATTLE»Халықаралық конкурстан Ұлттық аспаптарда ойнау номинациясы бойынша «Шығыс сазы» домбрашылар ансамблі І-орынды иеленді. 2020 жылы «Жаңа формат» халықаралық байқауда аспапта ойнау номинациясы бойынша БАС жүлдеге ие болды.
Сіздердің бойларыңызда көшбасшылық қасиетпен қатар қарапайымдылық пен мейірімділік ерекше үйлесімділікпен кездеседі. Көздеген шыңдарыңызды бағындырып, діттеген мақсаттарыңызға жетулеріңізге тілектеспіз!
Сіздерге дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, істеріңізге сәттілік тілейміз!
Шәкірттеріңіздің қанаттары талмасын! Алар биігіміз көп болсын.
Құрметті біздің ұстаздарымыз әрқашанда сіздерді қолдап қорғайтын ата-аналар бар екенін әсте естен шығармаңыздар.

№45 бейімделген орта мектебі «КММ»
4 «Г» сынып ата-анасы:
Раисова Асель Женискановна